Воспитательная работа  Спортивные достижения  Новости

Тақырыбы: Табиғат — тіршілік аясы

 
 

СҚО, Петропавл қаласы Жетім балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі М. Х. Келдібекова

Мақсаты: Оқушыларға табиғат ұғымының мәнін ашып, түсіндіру. Танымдық қабілет-терін, логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Өз ойын жеткізе білуге, ортаға сала білу дағдыларын жетілдіру. Табиғатты аялауға, сүюге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: суреттер, слайдтар, сөзжұмбақ, мақалдар, жұмбақтар, ақ қағаздар, маркерлер.

Сабақтың әдіс-тәсілдер: СТО, сұрақ-жауап, талдау, түсіндіру, топпен жұмыс.

Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық. Амандасу.

Амансың ба, Алтын күн!
Амансың ба, Көк аспан!
Амансың ба, Жер-Ана!
Амансың ба, Сен!
Амансың ба, Мен!

 ІІ. Жаңа сабақ

Қызығушылықты ояту. — Балалар, мына сөзжұмбақты шешсек, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы шығады екен. Слайд№ 1.

Сөзжұмбақ сұрақтары.

 1. Аң патшасы.
 2. Қазақстанның әсем қаласы.
 3. Қазақтың қарт, ақыны.
 4. Қазақтың батыр қызы.
 5. Қазақстандағы көмір өндіретін жер.
 6. Ай аты.
 7. «Медеу» спорт кешені қай таудың беткейінде орналасқан?

— Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Табиғат-тіршілік аясы» деп аталады.

— Балалар, табиғат дегенде қандай ой оралады сендерге? (Топта жұмыс жасайды, жа-уаптар тыңдалады). Слайд№ 3–6

1-оқушы. Табиғат — ол Су. Суды тіршілік көзі дейді. Сусыз жер бетінде тіршілікті елестету мүмкін емес. «Сулы жер-нулы жер» деген мақал бекер айтылмаған. Су — адам жүрегіне жыр, көңіліне нұр, сезіміне гүл сыйлайтын берекелі зат.

2-оқушы.

Су деген тіршіліктің қаны емес пе,
Су деген табиғаттың жаны емес пе?
Су жоқ жерде өмір жоқ, ол, ақиқат,
Күміс су, қара жердің сәні емес пе?

3-оқушы. Табиғат — ол Топырақ. Жер бетіндегі тіршілік атаулы қоректік нәрді топырақтан алады.

Топырақтан өмір иісі шығады
Оны денең тиіп кетсе ұғады.
Еңбегіңді есесіне беретін,
Жақсылық та топырақтан шығады.

4-оқушы. Табиғат — ол Өсімдік. Өсімдік — бұл жасыл желек, көк майса құрақ, қызыл-жасыл гүлдер. Өсімдік ашыққанда — тамақ, шөлдегенде — сусын, ыстықта — көлеңке сая, суықта- пана, ауырғанда — дәрі, ренжігенде — қуантатын табиғаттың сұлу көркі — гүл. Өсімдік таза ауа, еліміздің дәулеті — жасыл желек, орман.

5-оқушы. Табиғат — ол Жануарлар әлемі. Жүгірген, аң, ұшқан құс, дала ажары-ақбөкен, әні мен сәні — бұлбұл, су аруы — аққу табиғатымыздың сәні емес пе?

— Ал ендеше, балалар, табиғат туралы жұмбақтар білесіңдер ме?

Жұмбақтар шешу.

Құрғақ жерде сақтайсың,
Онсыз тамақ татпайсың. (тұз)
Жұрттың бәрі соны сүйеді,
Бірақ қарағысы келмейді. (күн)
Бір нәрсе бетінде жоқ, ой менен қыр,
Өзіңнің кіндігінен айналып жүр.
Өзіне назар салып қарасаңыз,
Келбеті жер жүзінің көрініп тұр. (глобус)
«Айт» десе, жүгірмес,
Су тисе, сілкінбес. (шөп)
Жазда жатсаң — көлеңкесіне алады
Қыста жақсаң — жаның рахат табады. (ағаш)

6-оқушы. Слайд № 7–15

Табиғат сенде бәрі ортақ,
Аспаның, күнің, айың да.
Тегінде жаның жомарт — ақ,
Ізгілік жатыр бойында.

7-оқушы.

Табиғат, қызығам сенің суретіңе,
Бас ием сенің құдіретіңе.
Тұрасың күллі әлемге нұр таратып,
Тұтқасы тіршіліктің күн бетінде.

8-оқушы.

Табиғаттың тарылтпасын
Мөлдір кәусәр тынысын,
Пәк табиғат, жүрегімнің тамылжыған жырысың.
Ей, адамдар! Қалай ғана қатыгездік жасайсың.
Ол анаң ғой, ал сен оның перзенті.

— Ал енді, балалар, мына тақтаға назар аударып, берілген жағдаяттарды талдап көрейік. Слайд № 16.

1-жағдаят. Арман бақ ішінде келе жатыр еді, терек бұтақтарын сындырып, жатқан ба-лаларды көрді-де, тұрып қалды…

Сұрақ:

1. Арман не істеді деп ойлайсыңда?
2. Арман қандай бала?
3. Бұтақ сындырып жатқан балалар қандай екен?

2-жағдаят. Серік достарымен бірге ауыл сыртындағы бұлаққа келді. Ол бұлақтың көзінің қалдық шөптер, босаған ыдыстар мен қоқыстардан бітеліп қалғанын көрді…

Сұрақ:

1. Серіктің әрекеті қандай болды деп ойлайсыңдар?
2. Серіктің бойынан қандай қасиеттер көруге болады?
3. Бұлақтың көзінің бітеліп қалуына кімдер кінәлі деп ойлайсыңдар?

— Балалар, табиғат туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер? (балалардың өздері білетін мақал-мәтелдер айтады).

— Балалар, қазір біз Қазақстанның әсем табиғаты туралы видеофильм көреміз. Көргілерің келе ме?

— Келесі кезекті тапсырмаларға береміз.

Тапсырма № 1. Берілген сөйлемдерді жалғастырып, өз көңіл-күйлеріңнің қандай болатын- дығын айтыңдар.

1. Жайнаған гүлдерді көргенде…
2. Сынған бұтақты көргенде…
3. Толқыны тербеліп тұрған теңізді көргенде…
4. Жарқыраған күнді көргенде… Слайл № 19–22

Тапсырма № 2. «Іс-қимыл әрекеті»

Әр топқа берілген сөздерді қимылмен көрсету тапсырылады. Қалған топтар тауып айтады.
 І топ: «Жаңбыр» ІІ топ: «Дауыл» ІІІ топ: «Ағаш» ІҮ топ: «Суық»

Көрініс: «Құмырсқаның қанағаты» ертегі желісімен.

— Балалар, осы құмырсқадан не үйренуге болады? Құмысқа қандай екен?

Жалпы, халық ұғымында табиғат деген сөз жер, аң, туған жер, атамекен сөздерімен қатар тұрады. Қазақстан табиғатының өлшеусіз байлығын игере отырып, бізді қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау да республикамыздағы ең күрделі мәселелердің бірі.

Оқушылардың орындауында «Атамекен» әні.

Осы табиғатымызды сақтап қалу, кейінгі ұрпаққа қалдыру біздің азаматтық борышымыз. Ендеше осы істе сендер қандай үлес қосар едіңдер?

1. «Бір, ағаш кессең, он, ағаш ек» — жасыл желек бағдарламасына ат салысамыз;
2. «Судың да сұрауы бар» — суды ысырапсыз пайдалануға жол бермейміз, ластамаймыз
3. Орман-тоғайды, бақтарды күл — қоқыстан тазалап, өрттен қорғаймыз.
4. Аң, құстарды рұқсатсыз атуға тиым саламыз, қамқорлық жасаймыз.
5. Экологиялық үгіт — насихат жүргіземіз.

ІІІ. Қорытынды

Қорыта келгенде, адамның табиғатсыз тіршілік ете алмайтынына көз жеткіздік қой дейміз. Табиғатты сүйе білу үшін табиғат туралы мол білу керек. Ал мол білім — кітапта, әр пәнді жақсы оқуда. Қашанда табиғатқа қамқорлық керек. Оған қалай болса, солай қарайтын адамдар қайда да болса кездеседі. Мысалы: сөндірілмей тастал ған шырпы, темекі тұқымы жайқалып тұрған орман тоғайды құртып жіберуі мүмкін. Ал бір, ағаштың өсуіне қаншама көп жылдар керек екендігін біз білеміз. Мұндай жағымсыз қылықтардан өзімізді аулақ ұстайық, табиғатты аялайық! Табиғатты сүйе білмеген, туған жерін, елін-де сүйе алмайды.

Тақырыбы: Табиғат – тіршілік аясы